Премьер-министр Шардара су қоймасынан су жіберудің артуына және Сырдария өзеніндегі жартылай мұз қатуына байланысты қауіпті ескере отырып, Қызылорда облысында су тасқыны кезеңінің өтуіне қатысты мәселе көтерді. Сондай-ақ су тасқыны қаупі бар Атырау және Қостанай облыстарына да назар аударылды. Аталған мәселелер бойынша өңір әкімдері тыңдалды. Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев түсініктеме жасады, деп хабарлайды Social Media.
«Қазір су тасқыны кезеңіне сақадай-саймыз деп айтуға әлі ерте. Осы күнге дейін тиісті шешімдер қабылданбаған бірқатар мәселе бар. Бұл әсіресе су басу қаупі жоғары аймақтарға қатысты. Қазір, ең алдымен, елді мекендердің су тасқынына нақты дайындық деңгейін тексеру керек. Әрбір елді мекенге барып, қалыптасқан жағдайды жан-жақты саралап, тиісті шаралар қабылдайтын өңірлік комиссиялар құруды тапсырамын. Барлық әкім тікелей жауап береді. Сондықтан жұмысты жандандырып, су тасқынына қарсы белгіленген шараларды нақты іске асыру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министр: Өңір әкімдіктері 1 наурызға дейін су тасқынының алдын алу және жою үшін барлық қажетті ресурстарды дайындасын. Елді мекендерден қарды ертерек шығару қажет. Су бұру арналары мен арықтарды дайындау, нөсер кәріздерін тазарту керек. Су тасқыны қаупі бар елді мекендер топырақ үйінділерімен және арнайы қорғаныс бөгеттерімен бекітілуі тиіс. Азық-түлік, жанар-жағармай, дәрі-дәрмек және азаматтардың тыныс-тіршілігіне қажетті құралдар қорларын дайындау, қажет болған жағдайда өзендерде алдын ала жарылыс жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Су ресурстары және ирригация министрлігі болжамды деректерді ескере отырып, су қоймаларындағы судың жиналу көлемін анықтап, оларға тұрақты бақылауды қамтамасыз етсін. Қажет болған жағдайда суды алдын ала және қауіпсіз жіберу бойынша шаралар қабылдау қажет. Шекара маңындағы мемлекеттермен бірлесе отырып, трансшекаралық су айдындарында қауіптердің туындауы туралы мәліметтермен үнемі өзара ақпарат алмасуды ұйымдастыру керек.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ТЖМ және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, су басуы ықтимал аймақтарда су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізу жөніндегі іс-қимылдарды айқындау және болжау үшін Tasqyn ақпараттық жүйесінің әлеуетін пайдалансын.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының жедел әрекет ету дайындығын қамтамасыз етсін. ІІМ-мен бірлесіп, құтқару жасақтарын тарту, оның ішінде әуе кемелерімен тасымалдау алгоритмдерін әзірлеу, су басу қаупі төнген жағдайда азаматтарды уақтылы эвакуациялау мәселелерін пысықтау қажет. Сондай-ақ адамдарды қауіпсіз аймаққа жеткізуге арналған эвакуациялық пункттер мен техниканың дайындығын тексеру қажет.
Мемлекеттік органдар қолданыстағы заңнаманы талдап, қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізуі тиіс. Сонымен қатар өткен жылғыдай су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою бойынша республикалық штаб құру тапсырылды.
Премьер-министр әкімдер мен ведомстволарға су тасқыны кезеңіне дайындықты наурыз айының басына дейін аяқтауды тапсырды.