11 қазан күні сағат 10:00-де Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы өтеді. Акцияның мақсаты — экологиялық ахуалды жақсарту, елді мекендерді абаттандыру және қыс маусымына дайындау, деп хабарлайды Social Media.
Осы күні Петропавл қаласында және облыстың барлық аудандарында аула мен қоғамдық кеңістіктерді санитарлық тазалау, ағаш отырғызу, саябақтар мен скверлерді, көшелер мен іргелес аумақтарды ретке келтіру жұмыстары жоспарланған. Бұл — абаттандыруға қосылған практикалық үлес қана емес, сонымен қатар өңірді таза, жайлы әрі өмір сүруге қолайлы ету сияқты ортақ мақсат төңірегінде тұрғындарды біріктіретін экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Акцияға тұрғындар, еңбек ұжымдары мен бизнес өкілдері шақырылады. Петропавл қаласында тазалық жұмыстары өтетін ірі локациялар — саябақтар, скверлер, көшелер және тұтас шағын аудандар болып белгіленді. Бұдан бөлек, қала тұрғындары аула және үй маңы аумақтарын тазалауға белсенді қатысуға шақырылады.