Сейсенбі, Қыркүйек 23, 2025

Петропавлдағы № 1 халықтық жаңалықтар порталы

Басты бетПетропавл және СҚО жаңалықтарыПетропавлда «Даму» қорының қолдауымен жаңа қонақүй жобасы іске асты

Петропавлда «Даму» қорының қолдауымен жаңа қонақүй жобасы іске асты

Петропавлда «Samovar» атты жаңа қонақүй ашылды – бұл заманауи, жайлы әрі өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған нысан. Жобаның жүзеге асуына Кәсіпкерлікті дамыту қоры «Даму» қолдау көрсетті, деп хабарлайды Social Media.

Жаңа қонақүй қаланың инфрақұрылымын кеңейтіп қана қоймай, туризмді дамытуға да үлес қосады. Қонақүйде 34 нөмір, екі тұрғын қабат және ас үй орналасқан төменгі деңгей бар. Қазіргі уақытта штатта 16 қызметкер жұмыс істейді. Ашылу салтанатында қонақтар орналастыру жағдайымен және қызмет көрсету деңгейімен танысты. Шақырылғандардың арасында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев та болды.

Қонақтар жобаның маңыздылығы мен жүзеге асу деңгейін жоғары бағалады. СҚО мейрамхана және қонақүй иелері қауымдастығының төрағасы Сайран Хамза мұндай нысандардың қала үшін аса маңызды екенін атап өтті:

«Бізде жыл сайын 3-4 қоғамдық тамақтану орны ашылады. Ал қонақүйлер соңғы уақытта ашылмаған еді, сондықтан мұндай қонақүйдің ашылғанына қуаныштымын. Бұл қаламыздағы ең үздік қонақүйлердің бірі деп санаймын. Біздің өңір қонақжайлылығымен танымал. Бүгін мұнда болып, нөмірлерді, жағдайды, сервисті көріп, бәрінің тамаша екеніне көз жеткіздік. Жаңа нысан қала қонақтарына да, тұрғындарға да ұнайтынына сенімдімін», – деді Сайран Хамза.

«Samovar» қонақүйі қаланың орталығында, негізгі көрікті жерлер мен маңызды инфрақұрылым нысандарына жақын орналасқан. Жобаны жүзеге асыруға екі жарым жыл уақыт кеткен, ал жақын күндері қонақүй алғашқы қонақтарын қабылдауды бастайды. Басқарушы Виктория Полтавецтің айтуынша, концепцияның негізінде – жоғары сапа, жайлылық және ұсақ-түйекке дейін мән беру жатыр. Мұнда нөмірлердің жабдығынан бастап, жайлылық атмосферасын қалыптастыратын ұсақ бөлшектерге дейін барлығы заманауи талаптарға сай ойластырылған.

«Біздің қонақүй – бизнес-класқа жақын, премиум деңгейлі. Біз қала мен ел үшін пайдалы әрі қызықты бірдеңе жасағымыз келді, себебі туризм қазір дамып жатыр. Мемлекет жобаны жүзеге асыруға көмектесті, «Даму» қоры қолдау көрсетті. Бізде тек тұру қызметі емес, швед үстелі де бар, тек таңғы ас, бірақ онда ет те, балық та болады. Бізде трансфер қызметі бар, қонақтарды әкеліп-әкетеміз. Сондай-ақ қалаға келген адамдарға бағыт-бағдар беріп, көмектесеміз», – деді Виктория Полтавец.

Жобаның жүзеге асуына Кәсіпкерлікті дамыту қоры «Даму»-дың қолдауы үлкен рөл атқарды. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру сияқты тиімді несие шарттарының арқасында қонақүйді іске қосуға қажетті қаражат тартылды.

«Кепіл жеткіліксіз болғандықтан, қорға несие сомасының 46%-ына кепілдік берілді. Банк сыйақы мөлшерлемесін 21,75% деңгейінде белгіледі. Оның негізгі бөлігін мемлекет субсидиялайды, ал кәсіпкер 7%-ын төлейді. Әрине, кәсіпкер өз қаражатын да салды, бірақ бір бөлігі несие қаражаты болды», – деп түсіндірді «Даму» Қорының СҚО бойынша филиалының директоры Гүлбаршын Даулетбаева.

Қонақүйдің ашылуы – кәсіпкерлер мен мемлекеттің бірлескен жұмысы нәтижесінде заманауи әрі сұранысқа ие нысандарды құрудың жарқын үлгісі. Бұл жоба қаладағы қызмет көрсету деңгейін арттырып қана қоймай, туризмнің және жалпы экономиканың дамуына да серпін береді.

Сондай-ақ оқыңыз

ЖАУАП ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

Please enter your comment!
Please enter your name here

Танымал

Соңғы пікірлер