Солтүстік Қазақстан облысы – табиғаты қатал, халқы еңбекқор, рухы берік өңір. Бұл аймақта энергетик мамандығы ерекше маңызға ие. Себебі қыстың қақаған аязы мен жыл мезгілдеріндегі құбылмалы ауа райы жағдайында үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету – тұрғындардың күнделікті өмірі мен қауіпсіздігінің кепілі, деп хабарлайды Social Media.
Осы саланың жауапкершілігін терең түсінетін мамандардың бірі – Валерий Шукаев. Оның отбасы энергетика саласына қатысы болмағанымен, ол бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдаған. Электр желілерін үздіксіз қамтамасыз ету – ол үшін тек кәсіби міндет қана емес, туған өлкесіне деген адалдықтың көрінісі.
Бүгінде Валерий әуе желілерін техникалық қызмет көрсетумен және жөндеумен айналысатын бригада құрамында еңбек етеді. Оның күнделікті атқаратын жұмысы – сым тарту, апат салдарын жою, тіректерді ауыстыру, жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу секілді ауқымды әрі жауапты міндеттерден тұрады. Әрбір сапар – ауа райына, рельефке және техникалық күрделілікке байланысты өзіндік сынақ. Қатты аязда, аптап ыстықта немесе жауын-шашында биікте жұмыс істеу – шеберлікпен қатар, ерекше төзімділікті қажет етеді. Мұндай жағдайда техника қауіпсіздігі – басты басымдық.
Валерийдің айтуынша, нағыз энергетик – бұл тек өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қатар тұтынушымен тіл табыса білетін жан. Себебі әртүрлі жағдайда көмегіне жүгінетін тұрғындардың бірі сабырлы болса, енді бірі алаңдаулы болуы мүмкін. Мұндай сәттерде мәселенің мән-жайын байыппен түсіндіріп, сенім ұялата білу аса маңызды.
Ол әсіресе командалық жұмыстың маңыздылығына тоқталады. Энергетика саласында бірлік пен өзара сенімсіз жетістікке жету мүмкін емес. Әсіресе СҚО секілді үлкен аумақты қамтитын өңірде әріптестер арасындағы үйлесімділік пен өзара қолдау – табыстың негізгі факторларының бірі.
Энергетика саласы үнемі жаңарып, дамып отырады. Жаңа технологиялар мен жабдықтар енгізілуде. Валерий бұл өзгерістерді назардан тыс қалдырмай, кәсіби дамуға ерекше мән береді. Жас мамандарға да өз білімдерін үнемі жетілдіріп отыруды, белсенділік танытып, үйренуден жасқанбауды кеңес етеді.
Валерий Шукаев өзінің кәсіби біліктілігін түрлі деңгейдегі жарыстарда да дәлелдеген. Кызылжар аудандық электр желілері басқармасы базасында өткен «Орталық Азия Электржелілері компаниясы» АҚ-ның өңірлік кезеңінде құрамында болған «Солтүстік Қазақстан РЭК» АҚ командасы бірінші орынды иеленді. Ал Қырғызстанда өткен халықаралық байқауда команда жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Бұл тек марапат емес, СҚО энергетиктерінің жоғары кәсібилігінің айқын дәлелі.
Валерий Шукаев – Қазақстанның солтүстігіндегі сенімді, жауапты еңбектің шынайы үлгісі. Оның адал қызметі – өңір тұрақтылығының негізі, жастар үшін өнеге, ал кәсіби жетістіктері – бүкіл Солтүстік Қазақстан облысының мақтанышы.