Петропавлда полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және анықтау жұмыстарын жалғастыруда. 2025 жылдың алғашқы 8 айында бұл саладағы құқыққа қайшы әрекеттер үшін профилактикалық есепке 1065 адам қойылды, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4% көп, деп хабарлайды Social Media.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы Петропавл полициясы брифинг барысында хабарлады. Олар жанжалдардың құрбандары әйелдер де, ерлер де, балалар да болатынын атап өтті.
«Жалпы 8 ай ішінде Петропавл қаласы полиция басқармасы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы 21 қылмыстық істі аяқтады. Оның ішінде 4 қылмыс 2024 жылы жасалған, бірақ түпкілікті процессуалдық шешім 2025 жылы қабылданды. Қылмыс түрлері бойынша мыналар тіркелді: 1 адам өлтіру, 5 ауыр дене жарақатын қасақана келтіру, 1 орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру, 3 жеңіл дене жарақатын келтіру, сондай-ақ 11 соққы жасау фактісі», – деді Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы Әсем Ильясова.
21 тіркелген қылмыстың 17-сі әйелдерге, 1-і кәмелетке толмағанға, 3-і ер адамдарға қарсы жасалған. Әйелдерге қарсы 11 қылмыс пен ер адамдарға қатысты 3 істің барлығы мас күйінде жасалған.
«Сонымен қатар, жергілікті полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстарды азайтуға бағытталған профилактикалық және әкімшілік-құқықтық шаралар қабылдады. ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке 869 адам тартылды. 2024 жылдың сәйкес кезеңінде 754 адам тартылған болатын. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 99 адам, сот белгілеген ерекше талаптарды бұзғаны үшін 285 тұрғын жауапкершілікке тартылды», – деді полиция өкілдері.
Полиция қызметкерлері атап өткендей, ҚР ӘҚБтК-нің 54-бабына сәйкес, егер адам отбасылық-тұрмыстық саладағы әкімшілік құқықбұзушылық жасаса, сот оның мінез-құлқына ерекше талаптар қоя алады және психологиялық көмек көрсету шараларын тағайындауға құқылы. Жыл басынан бері 12 құқықбұзушыға осындай көмек көрсетілген.
«Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің сенім телефонына 28 әйел хабарласты, олардың 19-ы әңгімелесуден кейін полицияға ресми түрде арыз жазды. 2025 жылдың мамыр айынан бастап Петропавлда «Отбасыны қолдау орталығы» жұмыс істейді, оған қиын өмірлік жағдайда қалған 3 отбасы жіберілді. Орталық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына заңгерлік, психологиялық, медициналық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, учётте тұрған адамдардың тұрғылықты жерлері бойынша күнделікті тексерулер жүргізіледі, құқықбұзушылыққа бейім адамдармен профилактикалық әңгімелер өткізіледі», – деп хабарлады құқық қорғаушылар.
Сондай-ақ, қала тұрғындарымен, еңбек ұжымдарында және оқу орындарында профилактикалық жұмыс күшейтілді. Полиция азаматтарға отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілік туралы еске салады, ақпараттық парақшалар таратады және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.