Қала күніне орай Петропавл қаласында «Ауылдың үздік мәдениет мекемесі – 2025» атағына арналған облыстық көркемөнерпаздар байқауының гала-концерті өтті. Шараға облыс басшылығы, қоғам қайраткерлері, аудан әкімдері мен қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды Social Media.
Ауыл – ұлттың алтын бесігі. Онда еңбекқор әрі талантты азаматтар өмір сүреді. Осы күні облыстың түкпір-түкпірінен келген үздік ауылдық өнер ұжымдары вокал, хореография және аспаптық орындаушылық бойынша өз шеберліктерін ортаға салды.
Марапаттау рәсіміне ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Байқау қорытындысы бойынша Ғабит Мүсірепов ауданының өнер ұжымы бас жүлде – шағын автобус пен гран-при иегері атанды.
«Бұл байқау мен гала-концерт жақсы дәстүрге айналды. Өткен жылы қайта жанданған бұл шараны жыл сайын өткізу жоспарымызда бар. Бұл – ауыл тұрғындарының шығармашылық әлеуетін ашып, дарынды жандарды қолдауға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Өнерге жақын мұғалімдер, механизаторлар мен қарапайым ауыл тұрғындары ауыл мәдениетін дамытуда үлкен рөл атқарып отыр», – деді өңір басшысы.
Байқау өнерпаздар үшін үлкен шабыт пен тәжірибе алмасу алаңына айналды. Ол ауыл мәдениетінің дамып жатқанын және өңірдің рухани өмірінде маңызды орын алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.